Меню
Разработки
Разработки  /  Всем учителям  /  Разное  /  11 класс  /  Бөкейліктің 1917-1920 жылдардағы қоғамдық-саяси өмірі

Бөкейліктің 1917-1920 жылдардағы қоғамдық-саяси өмірі

Андатпа: Өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтары саяси тұрғыдан өте мазасыз кезең болып тарихта қалды. Қос төңкеріс пен азаматтық қарсыласу, әсіресе Қазақстанның батыс өңірінде өзіндік сипат алды. Бөкей даласындағы осы кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдай бірқатар зерттеушілердің қаламына ілікті. Осыған орай біз мақалада 1917-1920 жылдардағы өңір тарихының зерттелу мәселесіне тоқталамыз.
29.02.2024

Содержимое разработки

Мерей жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі

Жангирова Улбике Изтелеуовна


БӨКЕЙЛІКТІҢ 1917-1920 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІРІ (МӘСЕЛЕНІҢ ТАРИХНАМАСЫ)


Андатпа: Өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтары саяси тұрғыдан өте мазасыз кезең болып тарихта қалды. Қос төңкеріс пен азаматтық қарсыласу, әсіресе Қазақстанның батыс өңірінде өзіндік сипат алды. Бөкей даласындағы осы кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдай бірқатар зерттеушілердің қаламына ілікті. Осыған орай біз мақалада 1917-1920 жылдардағы өңір тарихының зерттелу мәселесіне тоқталамыз.

Кілт сөздер: тарихнама, Бөкей даласы, қоғамдық-саяси өмір, төңкеріс, тарихи зерттеулер.


Қазақ халқының басынан кешкен аса ауыр кезеңінің бірі – Қазан төңкерісінің жеңісі мен Совет өкіметін орнату үшін болған қиан-кескі күрес жылдары болды. Бұл, 1917-1920 жж. арпалысты біз күні кешеге дейін біржақты, көбінше бұрмалай жазып келдік. Батыс Қазақстанның екі облысындағы негізгі тұрғыны – қазақтардың тұрмысы, саяси-әлеуметтік жағдайы, саяси күресі тиісінше зерттелмей, атүсті, үстіртін баяндалып келді. Өлке тарихында айта берсек белгісіздеу келген бұл секілді тарихи проблемалар көп. Бұндай мәселелерді қазіргі заманда азаматтарымыздың саяси, тарихи түсінігін толықтыру және халықтардың өзара түсінісуін нығайту үшін Совет өкіметінің қандай қиыншылықпен орнағанын, оны жергілікті халықтың қалай қабылдап, қатысқанын, саналы азаматтарымыздың қажырлы қызметін нақты деректер негізінде тарих ғылымының жаңаша ойлау, баяндау жолымен таныстырудың маңызы зор және ол біздің еліміздің ішкі саяси жағдайын күшейтуге, халықтың ынтымақтаса, бейбіт өмір сүруіне септігі тиері сөзсіз.Осыған сәйкес елбасы Н.Назарбаевтың қазір жергілікті, тіпті әр ауыл тарихын зерттеу керектігін айтуы өте орынды және заман талабы [1;108 б].

Бөкей облысының 1917-1920 жж. тарихы Рсейдегі Қазан төңкерісі мен Совет өкіметінің орнауы, азамат соғысы тарихымен тығыз байланысты. Біз атап отырған бұл үш оқиғаның болу себептері, мәні, зардаптары қазіргі Ресей т.б. елдер ғалымдары мен кей саяси ағымдардың талқысында болып келеді. Кейбір авторлар революцияның болуы патша өкіметінің оралымсыздығынан, өкімет пен халықтың араздығынан болды десе, негізгі себебі – елдегі экономикалық артта қалу, дағдарыс, еңбекшілердің әлеуметтік мұқтаждығынан болды деушілер де басым. 1917 ж. саяси жағдайды большевиктер шиеленістірді, Қазан революциясын қолдан жасады деушілер де бар. Революция бірер жылда дайындалмайды, ол ғасырлар бойы қоғам дамуынан артта қалған мешеу Ресей болмысынан жинақталған аса күрделі қарама-қайшылықтардың нәтижесінде болып келді. Сондай-ақ, азамат соғысының басталу себептері, мәні мен орны жөнінде пікір алысу қазіргі ғылым әлемінде айтыс туғызып, талқыда жүр. Бізге большевиктер көсемі В.И.Лениннің азамат соғысы тап күресінің жоғарғы формасы дегені белгілі. Бұл ұғымға әзір түбегейлі өзгеріс ене қоймады. Қазіргі Ресей ғалымдары өз еңбектерінде 1917 жылы Ресейдегі түрлі лагерь көсемдерінің азамат соғысын болдырмаудың балама жолын табуға көрегендігі жетпегендіктерін көрсетеді. Бұл мәселеде Бөкей облысының тәжірибесі назар аударарлық. Мұнда өкімет құру т.б. шаралар бейбіт жолмен істеліп, азамат соғысына жол берілмеді. Бөкейлік тарихының тағы бір басты ерекшелігі – өкімет таңдау, сайлау істері қарулы күш жұмсамай, бейбіт жолмен жүзеге асырылғандығында. Бөкей облысының үшінші тарихи ерекшелігі – қазақ автономиясы мен мемлекеттігінің алғашқы іргетасы осы өңірде қалана бастағаны. РСФСР ұлттар істері халық комиссариатының Қазақ бөлімі Бөкейлікте өз жұмысын бастап жүргізген.

Бөкейліктің өткенінің аталмыш кезеңі тарихына назар аударып зерттеуіміздің тағы бір басты себебі – бұл өңірде тұңғыш қазақ ұлттық әскери бөлімдері Қырғыз (Қазақ) өлкелік әскери істер комиссариатының басшылығымен ұйымдастырылып, дүниеге келді. Бұл аталған жұмыстардың осы өлкеде шендесуі облыс тарихының зор мәні барын көрсетеді. Бірақ, облыс тарихы арнайы ғылыми зерттеу объектісі болған емес.

Қарастырылып отырған кезеңдегі Бөкей облысының тарихын арнайы ешкім нақтылы зерттемегендіктен тарихи материалдар жинағы да болмай, зерттеу жұмысы қиындаған. Тек Қазан төңкерісі жеңген күнді атап өту науқанында ғана 1916-1920 жж. оқиғаларына қатысқандардың, не солардың айтуынан мерзімді баспасөзде юбелейлік мақалалар жазылған. Сонымен бірге С.Меңдешев өзі өскен Қамысты Самар қисымында 1916 жылы жазда болған наразылық жөнінде өз басынан кешкен оқиғаларды бояусыз жазып «Социальды Қазақстан» газетіне 1936 жылы жариялаған [2; 22-34 бб]. Бұл бағалы басылым тарихшылар назарынан бекерге тыс қалып келеді. Онда бізге қажет бірталай мәлімет бар. В.П.Варламов өз көзімен көрген 1917 жылы жазда Қалмақ қисымындағы шаруалардың толқуын «Советская Киргизия» журналында, «Большевик Казахстана» журналында 1917 жылы, Жасқұста (Орда) митинг болып, ревком құрылуын жазған [3; 30]. Осы кезге дейін Орда Ревкомының құрамы, жұмысы туралы жаңсақ мәліметтер беріліп келді. Бұл турасында кезінде белгілі зерттеуші И.Кенжалиев жазған болатын. Яғни ол Х.Чуриннің кітабында қате, үстіртін мәліметтер берілгендігін (4; 36, 48 бб) және оның жасаған мәліметін Х.Ермұратов, [5] Х.Маданов т.б. авторлар қайталағандығын көрсетеді.

Белгісіз автор «Қызыл ту» газетінде жарияланған «Бөкейліктегі төңкеріс тарихынан» атты көлемді мақаласында облыста болған 1917-1919 жж. оқиғаларды біркелкі дұрыс жазған. Автор 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейінгі жағдайды, желтоқсан оқиғаларын, С.Меңдешев т.б. ревком мүшелерінің қамалғанын, кейін Совет сайлауының дұрыс өткенін даусыз жазады. Сөз жоқ, кеңестік баспасөздегі жазылған тарихты қазіргі таңда керексіз ете алмаймыз.Біз С.Меңдешев, С.П.Милютин, С.Жанболатов, И.Меңдіханов, П.В.Варламов А.Құлшорин т.б. большевик қайраткерлерге қоса Б.Ниязов, М.Шомбалов, Ғ.Қараш, т.б. алашшыл азаматтардың еңбектерін жоққа шығара алмаймыз.

Бөкей облысының 1916-1920 жж. аралығындағы тарихының мәселелерін арнайы, тарих ғылымы тұрғысынан зерттеуші болмады десек те, Тәжен Елеуовтің 1916 жылғы көтеріліс туралы, Батыс Қазақстанда, Бөкейлікте болған кей оқиғаларды қамтыған еңбегін тарихнамалық талдауға аламыз [6] .

Уақытында Бөкей облысының 1917-1918 жж. тарихын алғаш зерттеп, көлемді мақала жазған тарихшы Тәжен Елеуов өз монографиясында Орал және Бөкей облысында Совет өкіметінің орнауын баяндаған. Т. Елеуовтің бұл белгілі еңбегі Қазақстанда Совет өкіметінің орнап, нығаюына арналып, Бөкей облысы жөнінде үзік мәліметтер береді. Қазақстанның белгілі ғалымдары К.Нұрпейісов, П.Пахмурный т.б. өз еңбектерінде Бөкей облысындағы кей оқиғаларды атаған, республиканың шаруалар Советтері жөнінде, Орал, Бөкей облыстарындағы кей жағдайларды қамтыған [7].

Бөкей облысында бұхараны көптеген жаулардан қорғап, қазақ автономиясын құрамыз деп келген РСФСР халық комиссариатының қазақ бөлімінің көп жұмыс істегені академик С.Зиманов пен Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми қызметкерлері болған С.Дәулетова мен М.Исмагуловтың бірігіп жазған монографиясында біршама қамтылған [8]. Айта кетуіміз керек, авторлар еліміздің көптеген тарихи архивтерінде болып, нақты деректер жинаған. Еңбектердің басты бір артықшылығы – авторлар араб әрпімен жазылған көптеген материалдарды тапқан, бұл күнде кез-келген тарихшы ажырата алмайтын деректерді қалың оқырманның қызықтап оқуына ұсынған. Шынында, 1910-1930 жылдары жарық көрген қазақша мақалалар, кітаптар баршылық, бірақ оны ешкім жөнді пайдаланбай келеді. Аталмыш монографияның авторлары Бөкей облысын басқыншылардын қорғауда алғашқы қазақ әскери бөлімдерінің құрылуы туралы, ұлттар комиссариатының Қазақ бөлімі мен оның Бөкейлік бөлімшесінің жұмыстарын деректі түрде ғылыми тұрғыда дұрыс баяндап берді. Бұл туындының, ғылыми теориялық дәрежесі жоғары екенін атау керек. Сонымен қатар, еңбекте бұрынғы қазақ интелегенттерінің көбі Совет өкіметіне беріле жұмыс істегені нақтылы баяндалып, тарихи объективті және дұрыс баға берілген. Қорыта келгенде, бұл монография кеңестік дәуірдегі қоғамдық ғылымдар еңбектерінің ең шоқтығы биік туынды.

Бұл үш автордың келесі құнды еңбегі Қазақ революциялық комитеті (Қазревком) қызметін сенімді деректерден нақты мәліметтер жинастырып, қазақ жерін біріктіру, мемлекетін құру, автономия жариялау жұмыстарын тиянақты көрсеткен. Бұл тұста большевиктердің қызметі мадақтауға тұрарлық. Әрине, монография Советтік империя ұғымында көрсетіледі [9].

Мәскеулік тарихшы Д.Аманжолова «Қазақ автономизмі және Россия» деген кітабына бірталай тың құжаттар енгізген, өлкеге сипаттама беруі, документтер жинақтарына сүйеніп ғылыми тұжырымдар жасауы назар аудартады [10].

Мәселенің тарихнамасын талдауда тарихшы-ғалым И.Кенжалиевтің сол бір кезеңдегі Батыс Қазақстанның қасіретті жылдарын зерделеген монографияларын [11] ерекше атап өту қажет. Автор бұл еңбектерінде, әсіресе екінші бөлімі болып табылатын Бөкей облысына арналған кітабында бұл мәселенің деректік көздеріне тоқталады. Атап айтқанда архивтік қорларға нақты талдамалар береді. Біз талқылып отырған тақырыпқа тікелей қатысты болғандықтан мақалада белгілі тарихшының жіктемелерін арнайы төмендегіше беріп отырмыз.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі Бөкей облыстық Советінің атқару комитетінің 1917-1920 жж. материалдары сақталған №1453 қорда қоғамдық ұйымдардың, жергілікті Советтердің сайлауы, қызметі, еңбекшілердің шағымдары, Облсоветтің съездері, коммунистер туралы т.б. материалдар жиналған. Қазақ революциялық комитетінің протоколдары, баяндамалары т.б. №14 қорда сақталуы, құндылығы қанағаттанарлық. Оларда Бөкей облысының 1919-1920 жж. жағдайы, істелген жұмыстар баяндалған. Орталық мұрағаттағы ішкі істер халық комиссариатының №40 қорында талай документтер Бөкейлікте істелген түрлі жұмысты көрсетеді. Қазақ әскери бөлімдерін жасақтау, әскери қызмет жөнінде құжаттар, бұйрықтар, тізімдер, әскер жабдық т.б. №59 қорда жинақталған. Бұл қорда қазақ әскери бөлімдері туралы да шағын мәліметтер кездеседі. Сондай-ақ, Атыраудағы мұнай басқармасының материалдары жинақталған №695 қорда кейбір мағлұматтар бар. Жергілікті мұрағатқа саналатын Батыс Қазақстан облыстық архивіндегі №312 қорда Бөкей облыстық Советі атқару комитетінің документтері бар. Онда жиналыстар, облыстық Совет съезіндегі, баяндаулар (доклад), шағымдар, тексеру қағаздары сақталған. Бұл архивте Бөкей, Орал губерниялық партия комитеттерінің (Губпартком, ГПК) отырыс, жиналыс протоколдары, қатынас қағаз, телеграммалар коммунистер қызметі, тізімдер, анкеталары, баяндаулары, әскери, алаш өкіметі туралы мағлұматтар №7 қорда жиналған. Жайық облыстық ревкомының материалдары №7 қорда сақталған, онда ревком мәжілісі мен коммунистер жиынының протоколдары, Алаштың Батыс бөлігімен қатынас, қазақ азаматтарының қызметі, ағарту, шаруа істерінің мәліметтері бар. Облыстық статистика бөлімінің қағаздары да біз үшін құнды мәлемет береді. Бұдан әрі И.Кенжалиев Атырау, Маңғыстау облыстары архивтеріндегі түпдеректерді қарағандығын айтады. Атырау мемлекеттік мұрағатының №1 қорында Гурьев уезді Советі аткомының документтері 1920 жылы бейбіт жұмысты, жергілікті сайлау, шаруа жұмыстарын баян етеді. Ал, №2 қорда халық шаруашылығы бөлімінің, №98, 146 қорларында Доссор т.б. мұнай кәсіпшіліктерінің жұмыстары жөнінде мәліметтер бар. Оқу ісінің қалай қалпына келгендігі де көрсетіледі (№2 қорда). Астрахан ОМА-ң №1 қорында губатком материалдарында Бөкей облсоветінің І-съезі, аткомының баяндаулары, статистикалық, шаруашылық, оқу ісі материалдары кездеседі. Саратов ОМА-нде губатком отырысы қағаздары ішінде Таловка қисымындағы 1918 жылы басталған тәртіпсіздік, алаштың Батыс бөлігі туралы мәліметтер сақталған. Бұнда Бөкейлікпен шекарада болған түрлі ұсақ оқиғалар, азамат соғысы жылдарындағы әскери істер жөнінде үзік мәліметтер де кездеседі.

Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесі архивінде Бөкейлік ұйымдарының мәлімдемелері, конференциялар протоколдары, баяндаулар, ақпарлық жазбалар, Алашорданың Батыс бөлігінің қызметі жөнінде, 1920 жылғы санақ, Қазревком материалдары №139, 140 қорларда т.б. сақталған. Әрине бұл қорлардың документтері большевиктік рухта жазылғандықтан, біз олардан нақты фактілерді тексеріп, анықтап алу қажеттілігін белгілі тарихшы ұсынады және бұлармен қатар КСРО кезінде шығарылған Қазан революциясы, Азамат соғысы, Совет өкіметінің орнауына байланысты документтер мен материалдар жинағындағы көптеген күмәнсіз мәліметтерді де пайдалануға болатындығын атап көрсетеді. Сондай-ақ И.Кенжалиевтің өз еңбегінде қорыта айтқан мына тұжырымы мәселенің тарихнамасы үшін маңызды деп есептейміз. «...біз Совет тарихшылары еңбектері мен материалдар жинақтарынан шындыққа жанасатын фактілерді, қазіргі заман талабына сай келетін ой, пікірлерін сын елегінен өзіміз өреміз жеткенше өткізе отырып, пайдаланамыз. Біздің ойымыз, қазіргі тәуелсіз қазақ елінде мүмкін де, қажет те жұмыс Совет өкіметінің «жақсылығымен» қатар, шовинизмнің зәрлі уынан арыла алмаған, анархистік қимылдарын, большевизмнің ұлттарды бөлшектеу, Совет, партия қызметкерлерін орынсыз, еш дерексіз әсіре мадақтау сарынын анықтауға тырысамыз. Елінің ырысы, тыныштығы, болашағы үшін сол кездегі тығырықтан шығудың балама жолын аласұра іздеп, елді төнген апаттан аман алып шығуға ұмтылған қазақ зиялыларының қызметін әлімізше көрсету ойындамыз. Бұл жолда ең басты қиындық – архив материалдарының тапшылығы, барының шашыраңқылығы. Сол себепті Бөкей облысының осы кезеңін арнайы, бөлек баяндамақпыз. Әрине, біз бұл еңбекте қозғалған мәселелердің бәріне толық жауап береміз деп айта алмаймыз. Себебі, ақпарлық, санақ мағлұматтары, фактілер кем. Еділ мен Жайық өзендері аралығы ХІХ ғасырда орысша Самар даласы, қазақтар Кіші жүздің Ішкі тарабы (Ішкі тарап), не Нарын даласы, «Бөкейлік», «Бөкей даласы» деп атаған. Біз бұл атаулардың бәрінде қолданамыз, ал «Бөкей ордасы» деген өгей сөз, отарлаушының кемсіте қойған атауы болғандықтан мүлде қолданбаймыз».[11;10]

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында.-Алматы:Атамұра,1996.-315 б.

2 Мендешев С. О национально-освободительном движении 1916 года // Қаhарлы 1916 жыл: (құжаттар мен материалдар жинағы).-Алматы:Қазақстан,1997.-247 б.

  1. Варламов В.П.Воспоминание о прошлых годах // Советская Киргизия, 1924, №10

  2. Чурин Х. Дауылды жылдарда.-Алматы: Жазушы, 1971.-195 б.

  3. Ермұратов Х. Октябрь нұрландырған өңір. Алматы: Жазушы, 1972.-207 б.

  4. Елеуов Т. Установление и упрочение Советской власти в Казахстане. Алматы:Наука, 1961.-237 с.

  5. Нұрпейісов К. Қазақстанның шаруалар Советтері (1917-1929 жж.).-Алматы: Ғылым, 1972.-214 б.

  6. Зиманов С., Даулетова С., Исмагулов М. Казахский отдел Народного комиссариата по делам национальностей РСФСР. – Алма-Ата: Наука, 1975.-254 с.

  7. Зиманов С., Даулетова С., Исмагулов М. Казахский революционный комитет.-Алма-Ата:Наука, 1981.-218 с.

  8. Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия. История движения Алаш.-Москва: Россия молодая, 1994.-216 с.

  9. Кенжалиев И. Бөкей облысы. - Орал: БҚГУ баспасы, 2001. – 284 б.




-75%
Курсы профессиональной переподготовке

Учитель, преподаватель математики

Продолжительность 300 или 600 часов
Документ: Диплом о профессиональной переподготовке
13800 руб.
от 3450 руб.
Подробнее
Скачать разработку
Сохранить у себя:
Бөкейліктің 1917-1920 жылдардағы қоғамдық-саяси өмірі (22.63 KB)

Комментарии 0

Чтобы добавить комментарий зарегистрируйтесь или на сайт